АСТАНАДАҒЫ ДИРЕКТОРЛАР ФОРУМЫНА БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ 1200-ДЕН АСТАМ БАСШЫСЫ ЖИНАЛДЫ
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен Назарбаев университетінің базасында Астана қаласы, Ақмола, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары мемлекеттік мектептері директорларының қатысуымен «Заманауи мектепті басқару: трендтер және болашақ» тақырыбындағы форумында білім беру саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.
TEDx форматындағы интерактивті сессияға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты. Еліміздің бас ұстазы отандық білім беру жүйесін дамытудың маңызды аспектілеріне тоқталып, кадрлық әлеуетті арттыруға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
«Мемлекет басшысының қолдауымен төрт жыл ішінде педагогтердің жалақысы 100%-ға, яғни екі есе өсті. 2023 жылдың қыркүйегінде мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогтердің жалақысы 30%-ға өсті. Бұл бағыттағы жұмыстар, яғни педагогтерді қолдау шаралары жалғасады. Осы жылдан бастап білім беру қызметкерлерін көтермелеу жүйесі, сондай-ақ білім беру ұйымдары басшылары мен олардың орынбасарларының жалақысы қайта қаралатын болады», - деді Ғани Бейсембаев.
Ведомство басшысының айтуынша, бүгінде министрлік ұлттық білім беру деректер базасын жетілдіру бағытында жұмыс жүргізуде. Онда білім беру ұйымы туралы мәліметтер, педагогтің жеке деректері, білім алушылардың үлгерімі мен білім сапасы және т.б. көрсетіледі.
Кездесуге Астана қаласы мен Қазақстанның төрт солтүстік облысындағы орта білім беру ұйымдарының бір жарым мыңға жуық басшысы қатысты. Олар үшін диалог алаңы ашылды. Онда жиынға қатысушыларға білім беру саласындағы бақылау және мониторинг іс-шараларының қорытындылары және биылғы жылға арналған жоспарлар туралы айтылды. Атап айтқанда: білім беру сапасын арттыру, инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту, цифрландыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқалар.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін министр Алматы қаласы, Түркістан, Жетісу және Алматы облыстары мектептерінің директорларымен кездесулер өткізген болатын. Форум еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасады.