Абай десе қазақ, қазақ ұлты туралы әңгіме қозғалғанда ұлы ақынның ойға оралары хақ. Ғасырда бір туатын ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы 2020 жылы елімізде аталып өтеді. 2019 жылдың мамыр айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ақынымыздың 175 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде мерекелеу туралы жарлыққа қол қойған болатын. Президент жарлығына сәйкес республика көлемінде мерейтойға арнайы іс –шаралар жоспары құрылып, түрлі шаралар белсенді түрде бастау алды. Аталған ауқымды мерейтойға байланысты Саумалкөл №1 орта мектебінде мектеп басшылығының бекітуімен түрлі іс-шаралар қарқынды түрде өткізілуде. Мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері Туралинова Гүлнар Кубашқызы, Тургунбаева Зинаида Ережеқызы 4,5,6-сыныптармен «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе!» тақырыбында ашық тәрбие сағаттарын өткізді. Абай шығармашылығын жас ұрпақтың сүйіп оқып, танып өсуіне бағытталған шара өте жоғары деңгейде өтті. Оқушылар айрықша белсенділік танытты. Ұлы тұлғамызды ұлықтап, мерейтойды абыроймен атап өту білім ордамызда жалғасын таба бермек.